Алматы облысында жолдарда жасырын бақылау жүйесі іске қосылды
Алматы облысында интеллектуалды жасырын патруль жүйесі іске қосылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының полицейлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстарын жалғастыруда. Цифрлық трансформация аясында және жол қауіпсіздігін бақылауды күшейту үшін өңірде "EkinPatrol X Spotter Mobile" атты заманауи фото және бейнебақылау кешенімен жабдықталған жасырын патруль жүйесі енгізілді.
Қазіргі таңда арнайы айырым белгілері жоқ қызметтік көліктер облыс жолдарында қозғалыста жүр. Олар бейнебақылау және аналитикалық жүйелермен жабдықталған. Бұл технологиялар нақты уақыт режимінде жылдамдықты асыру, тұтас жолақтан өту, қарсы бағытқа шығу, қауіпсіздік белдігін тақпау, жалған немесе оқуға келмейтін нөмірлерді қолдану сияқты құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеп, жедел әрекет ету орталықтарына жолдайды. Сондай-ақ іздеуде жүрген көліктерді де анықтай алады.
– Біздің мақсатымыз – тек жазалау емес, жолдағы адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттердің алдын алу. Жасырын патруль – жүргізушілерді тәртіпке шақыратын, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған құрал, – деді полиция өкілдері.
Статистикаға сәйкес, жол-көлік оқиғаларының көпшілігі трассалар мен шектеулі көріну аймақтарында жол ережесін қасақана бұзатын жүргізушілердің кесірінен орын алуда. Сол себепті интеллектуалды бақылау жүйесінің енгізілуі – жолдағы тәртіпті нығайтудағы маңызды қадам болып табылады.
Полиция барлық көлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Себебі жол қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.