Жетісу облысында жас жол инспекторларының слеті өтті
Талдықорғанда Жетісу облысы полиция департаменті мен облыстық білім басқармасының бірлесуімен ұйымдастырылған жас жол инспекторларының облыстық слеті өтті. Бұл байқау – жас буынның жол қозғалысы ережелерін терең меңгеріп, қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жарқын бастама, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында қатысушылар 9 кезең бойынша бақ сынасты: Жол жүрісі қағидаларының білгірлері, үгіт-насихат, велосипедті мәнерлеп жүргізу, автоқалашықта қозғалу, жас реттеуші, білгірлер турнирі, Жас санитар, үздік жол қауіпсіздігін насихаттаушы және ашық үзіліс. Байқаулар тек оқушылар арасында ғана емес, полиция қызметкерлері мен білім беру ұйымдарының өкілдері арасында да өткізілді, бұл шараға ерекше серпін берді.
Жарыс нәтижесінде жалпы командалық есеппен бірінші орынды Көксу ауданының командасы жеңіп алды. Екінші орын Сарқан ауданы, ал үшінші орынды Талдықорған қаласы иеленді.
Енді жеңімпаз атанған Көксу ауданының командасы тамыз айында Шығыс Қазақстан облысында өтетін Ғазиз Байтасов атындағы Жас жол инспекторларының XX республикалық слетінде Жетісу облысының намысын қорғайтын болады.
Шара жасөспірімдердің тек ережені меңгеруіне емес, сонымен қатар жауапкершілік пен тәртіпке тәрбиеленуіне ықпал етті. Жолдағы қауіпсіздік – әр адамның саналы әрекеті мен тәртіпке деген құрметінен басталады. Осындай тәрбиелік мәні зор жарыстар болашақ буынның санасында қауіпсіздік пен заңға деген құрметті терең орнықтырады.