Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астана маңында жас патриоттар лагері ашылды

Астана қаласына жақын орналасқан Мичурино шағын ауданында әскери-патриоттық "Батырлар" орталығы базасында құрылған жазғы "ALASH CAMP" лагерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Ұлттық ұланның "Жас Бүркіт" клубы тәрбиеленушілері, күштік құрылымдардың әскери қызметшілері мен құрметті қонақтар қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлттық ұланның әскери қызметшілері көрермендерге арналған мазмұнды мәдени-әскери бағдарлама ұсынды. Ән-би ансамблінің солистері отансүйгіштік рухтағы әндерді шырқап, кештің шырайын аша түсті. Үлгілі-көрсетімді оркестрдің орындауындағы ерлік пен жеңісті ұлықтайтын музыкалық шығармалар көпшіліктің көңілінен шықты. Ал Құрмет қарауылы ротасының саптық дефилесі — олардың кәсіби даярлығының, бірізді қозғалысы мен темірдей тәртібінің жарқын үлгісіне айналды.

Салтанатты ашылу рәсімінің құрметті қонағы ретінде ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов қатысты.

Іс-шараға қатысушылар  өз сөздерінде өскелең ұрпаққа елге деген сүйіспеншілік, әскери борышқа құрмет және Отан алдындағы жауапкершілік сезімін дарытудың маңыздылығын атап өтті.

"ALASH CAMP" лагері — 12 мен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған 10 күндік ерекше жоба. Оның басты мақсаты — жас ұрпақтың көшбасшылық қабілеттерін дамытып, физикалық және зияткерлік әлеуетін арттырумен қатар, патриоттық рух пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Қатысушылар взводтық шатырларда тұрып, бес мезгіл тамақпен және қажетті киім-кешекпен толық қамтамасыз етіледі.

Лагерь бағдарламасы теориялық және практикалық сабақтарға толы. Балалар тактикалық медицина, дрондарды басқару негіздері, жергілікті жерде бағдарлау, нысана көздеу, шахмат турнирлері мен жекпе-жек жаттығулары бойынша білім алады. Сондай-ақ, шайқаста ерлікпен қаза тапқан әйелдерге арналған естелік кабинеті мен әскери тарих пен дәстүрмен таныстыратын "Сарбаз" сыныбы ерекше орын алады.

Бұдан бөлек, лагерьде киберспорт кабинеті, қару-жарақ бөлмесі мен заманауи мультимедиялық сыныптар жұмыс істейді. Мұның бәрі — жастарды заманауи түрде тәрбиелеуге бағытталған тиімді құрал.

"Батырлар" әскери-патриоттық орталығы Ұлттық ұланның тікелей қолдауымен жұмыс істейді. Ұландықтардың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан "ALASH CAMP" секілді жобалар жас буынға әскери-патриоттық тәрбие берудің, азаматтық жауапкершілік пен көшбасшылық қасиеттерді қалыптастырудың негізгі алаңына айналуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру