“Есірткісіз болашақ”: Түркістан облысында марафон ұйымдастырылды
Облыстық полиция департаментінің, әкімдіктің қолдауымен Халықаралық нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне арналған бір айлық шаралар жоспарына сәйкес "Есірткісіз болашақ!" тақырыбында марафон ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың зиянды әдеттерге теріс көзқарасын қалыптастыру және спортпен шұғылдану арқылы әлеуметтік белсенділікті арттыру.
Ұзындығы 3 шақырымға жуық қашықтықты қамтыған марафон Б.Саттарханов көшесіндегі "Мемлекеттік рәміздер" алаңында аяқталды. Оған 200-ден астам адам қатысты. Марафон соңында жүлделі орындарға ие болған қатысушылар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Өз кезегінде полиция департаментінің басшылығы қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға және есірткіден аулақ болуға шақырды. Сондай-ақ нашақорлықтың алдын алуға бағытталған осындай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.