Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында “Абай – дара қазақта” атты әдеби сайыс өтті

Қызылорда облысында “Абай – дара қазақта” атты әдеби сайыс өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері арасында “Абай – дара қазақта” атты әдеби сайыс өтті. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің шығармашылық қабілетін дамыту, рухани дүниетанымын кеңейту және қазақ әдебиетінің асыл мұрасын насихаттау мақсатында өткізілген бұл шараға департаменттің құрылымдық бөліністерінен өлең жазуға құмар, өнерге жақын қызметкерлер қатысып, Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған өз туындыларын ұсынды.

Шараның ашылу салтанатында Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров сөз сөйлеп, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

— Бүгін біз ішкі істер органдары қызметкерлері арасында ұйымдастырылып отырған “Абай – дара қазақта” атты облыстық сайыста жиналып отырмыз. Бұл – тек поэзиялық байқау емес, бұл – ұлт руханиятына, ұлы Абайдың мұрасына деген құрметтің көрінісі. Абай Құнанбайұлы – халқымыздың мәңгілік рухани шамшырағы. Оның өсиеті, адамгершілік ұстанымдары, әділетке негізделген көзқарасы – біз, құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін де үлкен үлгі.
Бүгінгі байқау әріптестеріміздің шығармашылық қабілетін танытып қана қоймай, ұжым ішіндегі бірлік пен рухани байланысты нығайтатын тағылымды шара.
Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін. Абайша терең ойлап, Абайша әділ сөйлеуге тырысайық!, — деді О.Омаров.

Сайыс барысында қатысушылардың поэзиялық шеберлігі, көркем сөз қолдануы және Абай мұрасына терең бойлауы бағаланды.

“Қорқыт қыраны”, “Сыр сақшылары”, “Сертіне берік сарбаздар”, “Жалын”, “Орда”, “Таусылмас Арал”, “Алмағанбетов арландары”, “Жалынды Жаңақорған жігіттері”, барлығы 8 команда бақ сынасты.

Командалар бар шеберліктерін ортаға салды. Бәйгеге түскен барлық командалар мықты дайындықпен келді. Қазылар алқасы сайыскерлерді бағалай отырып, әділ шешім жасауға тырысты. Сайыста топ жарып, бірінші орынды Жалағаш ауданы полиция бөлімінің ерлік пен есімді қатар арқалаған, алдыңғы толқын ағалардың жолын жалғаған “Алмағанбетов арландары” командасы иеленді.

Қызылорда қаласы полиция басқармасының Сыр елінің жүрегі, тәртіп пен тыныштықтың тірегі “Орда” командасы ІІ орын алып, үшінші орын Сырдария ауданы полиция бөлімінің Сыр бойының сардары, тыныштықтың тірегі, тәртіптің шын жанашыры “Сыр сақшыларына” бұйырды.

Бұл шара – ішкі істер саласында қызмет ететін азаматтардың тек кәсіби біліктілігімен ғана емес, рухани және мәдени әлеуетімен де ерекшеленетінін көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру