Павлодар облысында полицейлер балаларға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді
Павлодар облысында полицейлер балаларға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаздың аптапты күндері келісімен өзен-көл жағалауларына ағылатын демалушылар қатары артады. Алайда, су – тек сергектік пен шаттықтың емес, үлкен жауапкершілік пен қауіптің де көзі. Осыған орай Павлодар облысы Май ауданының полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары "Ақжелкен" лагерінде балаларға арнап судағы қауіпсіздік шаралары туралы арнайы түсіндіру сабағын ұйымдастырды.
Мамандар суда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау – әр адамның өмірі мен денсаулығы үшін маңызды екенін ескертеді:
- Тек рұқсат етілген орындарда шомылыңыз. Құтқару бекеттері бар, арнайы белгіленген жағажайларды таңдаңыз.
- Балаларды ересектердің қарауынсыз суға жібермеңіз. Су – балалар үшін аса қауіпті, сондықтан оларға толық бақылау қажет.
- Қатты ағынды немесе терең су аймақтарынан аулақ болыңыз. Су түбіндегі белгісіз шұңқырлар мен толқындар қауіпті.
- Мас күйде суға түспеңіз. Бұл – судағы қайғылы оқиғалардың жиі кездесетін себебі.
- Үйренбеген адамдар үрлемелі заттармен тереңге жүзбеуі керек. Олар ағысқа ілесіп, қауіпті жағдай туындатуы мүмкін.
- Көмек қажет болса, бірден айқайлап дабыл беріңіз. 102 немесе 112 нөміріне дереу хабарласыңыз.
- Басқа адам батып жатса, алдымен ересекке не құтқарушыға хабарлаңыз. Асығыстық – қауіп төндіреді.
- Суға секірмес бұрын тереңдігін тексеріңіз. Судың астында тас немесе өзге кедергілер болуы мүмкін.
- Қызып тұрған денені бірден суға салмаңыз. Бұл жүрекке ауырлық түсіруі мүмкін – алдымен денеңізді сулап, біртіндеп түсіңіз.
- Тоя тамақ ішкен соң немесе қатты шаршаған күйде суға түспеңіз.
Бұл қарапайым ережелер әр отбасы мүшесінің есінде болуы тиіс. Өмір – баға жетпес байлық. Қауіпсіздікті естен шығармайық, өзімізді де, жақындарымызды да қорғайық!