Жетісу облысында қоғамдық орындарды ластаудың 200-ден астам дерегі тіркелді
Жетісу облысында қоғамдық орындарды ластаудың 200-ден астам дерегі тіркелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластаудың 200-ден астам дерегі анықталды. Құқық бұзушылықтарды тіркеуде полицияның жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камералары қолданылады.
Камералар қоғамдық орындарда темекі шегу, темекі тұқылын жерге тастау сияқты әрекеттерді тіркеуге, құқық бұзушыларды анықтауға және оларға қатысты заңнамада көзделген шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Қоғамдық орындарды ластау қаланың тазалығына кері әсер етіп қана қоймай, қоршаған ортаға да зиян келтіреді. Сондықтан белгіленген талаптарды сақтау және ортақ кеңістікті таза ұстау – әр азаматтың міндеті.
Жетісу облысының полициясы мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда. Тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, темекі тұқылын жерге тастамауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырады.
