Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда бостандыққа шыққан жасөспірімдерді ата-аналары қарсы алды

Алматыда бостандыққа шыққан жасөспірімдерді ата-аналары қарсы алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласындағы арнайы балалар колониясынан екі жасөспірім өз мерзімдерін толық өтеп, бостандыққа шықты. Бала кезінен адасқан жолға түсіп, еркіндігінен айырылған олар енді жаңа өмірге қадам басып, артта қалған ауыр күндермен қоштасты.

Жасөспірімдерді еркін өмірге шығарып салуға Алматы қаласы Жетісу аудандық білім бөлімінің міндетін атқарушы Ө.Қалабай, Жұмыспен қамту басқармасының өкілі А.Бакаева, №11 мекеменің медициналық бөлімінің меңгерушісі Л.Дүйсенбай және өзге де мамандар қатысты. Олар жасөспірімдерге ақ жол тілеп, өмірде дұрыс бағыт-бағдар табуына тілектестіктерін білдірді.

Мекемеде жазасын өтеген балалар жалпы орта білім беретін мектепті және колледжді аяқтап, қолдарына тиісті білім туралы куәліктерін алған. Бұл – олардың болашақта қоғамға пайдалы тұлға болып қалыптасуына жасалған маңызды қадам.

Іс-шараға қатысқан Алматы Мансап орталығының жұмыс берушіні қолдау бөлімінің бастығы А.Ботаева жасөспірімдерге жұмыспен қамту, еңбек нарығындағы мүмкіндіктер мен қолдаулар туралы кеңес берді.

Мекеме бастығының міндетін атқарушы М.Махамбетов ата-аналарға арнап сөйлеген сөзінде, мекеме қабырғасында балалар тек білім алып қана қоймай, тәрбиелік жұмыстарға да белсенді түрде қатысқанын атап өтті. Ол ата-аналарды балаларының болашағына немқұрайлы қарамай, олардың дұрыс өмір жолынан таймауына бағыт-бағдар беруге шақырды.

Бостандыққа шыққан жасөспірімдерді күтіп алған ата-аналары көздеріне жас алып, үміт пен жауапкершілік араласқан көңіл күймен қарсы алды. Ендігі мақсат – жасалған қателіктерден сабақ алып, жарқын болашаққа ұмтылу.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру