Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда сотталған жасөспірімдер арасында ұлттық спорттан жарыс өтті

Алматы қаласындағы №11 мекемеде жазасын өтеп жатқан кәмелетке толмағандар арасында спорттық-тәрбие іс-шарасы ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Көшпенділер ойындары — ұлттық спорт түрлерін дәріптеп, салауатты өмір салтын насихаттауға және өскелең ұрпақтың дене шынықтыруға қызығушылығын арттыруға бағытталған халықаралық спорттық жоба. Осыған орай ұйымдастырылған жарысқа мекемеде жазасын өтеп жатқан кәмелетке толмағандардың барлығы қатысты.

Жасөспірімдер "Алаш", "Арлан" және "Қыран" командаларына бөлініп, арқан тарту, қол күресі, қой көтеру және гір тасын көтеру бойынша бақ сынады.

Тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша "Алаш" командасы бірінші орын, "Арлан" командасы екінші орын, ал "Қыран" командасы үшінші орын иеленді.

Іс-шараны ұйымдастыруға Алматы қаласы полиция департаменті арнайы және кәсіптік даярлық басқармасының қызметкері А.Абдиманапов, Алматы қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі Д.Көбеев, "Возражение Life" магистр-психологы М. Миркулова және директор Ш.Хамит атсалысып, демеушілік қолдау көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған 30 жасөспірімге медальдар мен түрлі сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар демеушілер жарысқа қатысушыларға тәтті сусындар мен шоколадтар ұсынып, балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Іс-шара ұлттық спорт түрлерін насихаттап қана қоймай, жасөспірімдердің белсенділігін арттыруға, командалық рухын қалыптастыруға және салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру