Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада жазасын өтеушілер ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті

"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру, жазасын өтеушілердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №37 мекемеде ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылды. Оған 40-қа жуық жазасын өтеуші қатысып, асық ату, ләңгі тебу және садақ атудан өзара бақ сынады. Сонымен қатар қатысушылар атқа міну өнерінен тәжірибе жинақтады.

Ұлттық спорт түрлері арқылы қатысушылардың ептілігі, шапшаңдығы, мергендігі мен төзімділігі сыналды. Жазасын өтеушілер жарыс барысында белсенділік танытып, спортқа деген қызығушылықтарын көрсетті.

– Ұлттық спорт – халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Мұндай іс-шаралар жазасын өтеушілердің бос уақытын тиімді өткізуімен қатар, олардың бойында тәртіп, жауапкершілік пен төзімділік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Спорт адамды өзін-өзі тәрбиелеуге, мақсатқа ұмтылуға және салауатты өмір салтын ұстануға жетелейді, – деді №37 мекеме бастығының орынбасары Жеңіс Ернияз.

Іс-шараға қатысушылар да өз әсерлерімен бөлісті. Олардың айтуынша, ұлттық ойындардан өздерін сынап көрумен қатар, атқа міну өнерімен танысу ерекше әсер қалдырған.

Мұндай спорттық және тәрбиелік шаралар жазасын өтеушілердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың оң көзқарасын қалыптастыруға және қоғамға қайта бейімделуіне бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру