Қостанай облысында "Жас сақшы" сыныбының оқушылары кинологиялық қызмет орталығына барды
Қостанай облысында "Жас сақшы" сыныбының оқушыларына арналған кинологиялық қызмет орталығына танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдерді құқық қорғау органдарының қызметімен таныстырып, қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар туралы түсініктерін кеңейту, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Экскурсия барысында оқушылар орталықтың тарихымен танысып, кинолог мамандардың күнделікті қызметі туралы ақпарат алды. Сондай-ақ қызметтік иттердің құқық бұзушылықтардың алдын алуда, құқық тәртібін қамтамасыз етуде және азаматтардың қауіпсіздігін қорғауда атқаратын маңызды рөлі түсіндірілді.
Оқушылардың ерекше қызығушылығын қызметтік иттердің көрсетілімі тудырды. Олар иттердің арнайы дайындық барысын, түрлі тапсырмаларды орындау қабілетін және кинологтармен бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын тамашалады. Мамандар қызметтік иттерді үйретудің ерекшеліктері мен олардың кәсіби даярлығына қойылатын талаптар туралы да әңгімеледі.

Танымдық экскурсия оқушыларға ерекше әсер қалдырып, құқық қорғау саласындағы мамандықтар туралы білімдерін толықтыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар іс-шара жасөспірімдердің бойында жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастыруға, құқық қорғау органдарының қызметіне деген құрметті арттыруға және жануарларға қамқорлықпен қарауға ықпал етті.
Осындай кездесулер өскелең ұрпақтың азаматтық ұстанымын нығайтып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызын түсінуге жол ашады.

