Павлодарда салауатты өмір салтын насихаттайтын ауқымды фестиваль өтті
Павлодарда жастарды, спортшыларды, шығармашылық ұжымдарды, еріктілерді, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен қала тұрғындарын бір алаңға біріктірген "Салауатты қоғам – қауіпсіз қала" атты ауқымды фестиваль өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бағдарламада ERTIS AULA FEST спорттық-аула фестивалі ерекше орын алды. Оның аясында көңілді старттар, спорттық жарыстар және отбасылық сайыстар ұйымдастырылды.
Спорттық сайыстардың қорытындысы бойынша Шаймардановтар отбасы Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының арнайы марапатына ие болды.
Арнайы сыйлық ретінде отбасыға қозғалыстың, белсенділіктің және дұрыс таңдаудың символы саналатын велосипед табысталды.
– Бүгін біз нашақорлықтың алдын алу мәселесін тек ресми тілмен ғана емес, сонымен қатар тікелей қарым-қатынас, спорт және отбасылық эмоциялар арқылы жеткіземіз. Ата-аналар балаларымен бірге спорт алаңына шығып, бір-бірін қолдап, белсенді өмір салтын ұстанудың үлгісін көрсеткен кезде, бұл кез келген ұраннан әлдеқайда тиімді әсер етеді. "Отбасы есірткіге қарсы" сайысы – ең алдымен таңдау туралы. Денсаулықты, отбасын, спортты және балаларының болашағын таңдау. Сондықтан жеңімпаз отбасыға велосипед сыйлауды жөн көрдік. Бұл сыйлық олардың бірге серуендеп, белсенді қозғалып, отбасылық жарқын сәттерді көбірек өткізуіне себеп болсын, – деді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Ирина Тимиргалиева.
Павлодар облысының полиция департаменті есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу тек құқық қорғау органдарының жұмысы емес екенін еске салады. Бұл бағытта отбасы, мектеп, қоғамдық ұйымдар, спорттық қауымдастықтар және әрбір бейжай емес азамат маңызды рөл атқарады.
