Елордада мас күйде лифт есігін тепкен тұрғын 5 тәулікке қамалды
Астанада полиция қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйдің лифтісін бүлдірген ер адамды жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға Бауыржан Момышұлы даңғылындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Түнгі уақытта алкогольдік масаң күйде болған ер адам лифт есігін аяғымен теуіп, тұрғындардың ортақ мүлкіне зақым келтірген.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтап, оны ұстады. Ол 26 жастағы Оңғарбай Сәулетбек болып шықты.
Ер адамға қатысты қоғамдық орында мас күйде жүру, тыныштықты бұзу және ұсақ бұзақылық фактілері бойынша тиісті шаралар қабылданды.
ВИДЕО
Сот шешімімен құқық бұзушы 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар одан келтірілген материалдық шығын өндіріп алынады.
Полиция тұрғын үйлердегі лифтілер, кіреберістер, балалар ойын алаңдары және өзге де инфрақұрылым нысандары ортақ мүлік екенін еске салады. Оларды қасақана бүлдіру заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
