Цифрлық технологиялар: полиция қызметінің жаңа мүмкіндіктері
Polisia.kz сайты полиция қызметіндегі цифрлық шешімдер, заманауи технологиялар және олардың күнделікті қызметте қалай қолданылатыны жайлы баяндайды.
Көшелердегі жағдайды бейнекамералар тіркейді, азаматтардың өтініштері бірнеше арна арқылы бірден түседі, дрондар әуеден бейнебақылау жүргізеді, ал цифрлық жүйелер қызметкерлерге ақпараттың үлкен көлемімен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Алайда мұның барлығы тек техниканың мүмкіндігімен шектелмейді.
Полиция қызметіндегі әртүрлі цифрлық шешімдердің тиімді жұмыс істеуі үшін оларды полиция бөліністерінің нақты міндеттерімен байланыстыру қажет. Бұл бағытта Астана қаласы полиция департаментінің цифрландыру және жасанды интеллект басқармасы жұмыс жүргізеді.
Басқарманың жұмысы нақты бөлімшенің қажеттілігін анықтаудан басталады. Бір қызметке аумақты бақылауды күшейту қажет болса, екіншісіне ақпаратты жедел алу, үшіншісіне азаматтармен өзара іс-қимылды тиімді ұйымдастыру маңызды. Басқарма қызметкерлері міндетті айқындап, тиісті цифрлық шешімді іздейді, оны енгізу процесіне қатысады және жүйе іске қосылғаннан кейін де оның жұмысын сүйемелдейді.
Осылайша басқарма полицияның практикалық қызметі мен заманауи технологиялар арасындағы байланыстырушы буын ретінде жұмыс істейді. Оның қызметкерлері жедел басқару орталығы мен патрульдік полициядан бастап, цифрлық құралдарды қызмет барысында қолдануға болатын басқа да бөлімшелермен тұрақты өзара іс-қимыл жасайды.
Сонымен қатар сыртқы серіктестермен – мемлекеттік органдармен, IT-компаниялармен және цифрлық шешімдерді әзірлеу мен енгізуге қатысатын ұйымдармен бірлескен жұмыс жүргізіледі. Осындай өзара іс-қимыл нәтижесінде кейіннен полицияның күнделікті қызметінің бір бөлігіне айналатын жобалар жүзеге асырылады.
Бүгінде олардың қатарында бейнебақылау және бейнемониторинг жүйелері, тұлғаны тану жүйелері, азаматтардың өтініштерін қабылдаудың цифрлық арналары, "SOS" дабыл түймелері, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен роботтандырылған платформалар бар. Бұл шешімдердің әрқайсысының нақты қызметтік міндеті бар.
Маңызды жобалардың бірі – тұлғаны тану функциясы бар Ұлттық бейнемониторинг жүйесі. Жүйе іздеуде жүрген және хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды, көші-қон заңнамасын бұзатын тұлғаларды, сондай-ақ есепте тұрған өзге де санаттағы адамдарды анықтауға мүмкіндік береді.
Жүйенің негізгі артықшылықтарының бірі – адамды фотосуреті арқылы іздеу мүмкіндігі. Қажет болған жағдайда қызметкерлер бейнебақылау деректері негізінде іздеудегі адамның қозғалыс бағытын анықтай алады.
Осылайша бейнемониторинг жай ғана бақылау құралы емес, қызметкерлерге ахуалды жедел бағалауға, адамдардың орналасқан жерін анықтауға және алынған деректер негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік беретін жедел ақпарат көзіне айналып отыр.
Заманауи технологияларды қолданудың нақты мысалдарының бірі – "Дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы" жобасы. Ұшқышсыз ұшу аппараттары жол қозғалысы жағдайын бақылау, профилактикалық іс-шараларды өткізу кезінде, сондай-ақ стационарлық бейнебақылау жоқ аумақтарды бақылау үшін пайдаланылады.
Перспективалы бағыттардың бірі – роботтандырылған платформаларды, оның ішінде робот-итті қолдану. Оларды пайдалану жекелеген аумақтарды қызметкердің тікелей қатысуынсыз қашықтан тексеруге және бақылауға мүмкіндік береді. Бұл ретте роботтандырылған платформа бейнедеректердің мобильді көзі ретінде әрекет етіп, жедел басқару орталығының ахуалды қашықтан бақылау мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Бүгінде негізгі міндет – жекелеген пилоттық жобалардан технологиялық шешімдерді күнделікті қызмет барысында нақты пайдалануға көшу. Сондықтан енгізу басқарма жұмысының бір бөлігі саналады.
Жүйелер іске қосылғаннан кейін де қызметкерлер бөлімшелермен өзара іс-қимылды жалғастырып, кері байланыс алады, жүйелердің жұмысын бағалайды және қажет болған жағдайда тиісті өзгерістер енгізеді. Яғни цифрлық құрал жай ғана орнатылмайды – ол қызметтің нақты жағдайлары мен қызметкерлердің нақты міндеттеріне бейімделеді.
Басқарманың негізгі рөлі де осында: жаңа технологияларды енгізу ғана емес, оларды полицияның практикалық қызметінде тиімді қолдану жолдарын табу.
