Атыраудағы түзеу мекемесінде зияткерлік ойын арқылы ұлттық құндылықтар насихатталды
Сотталған азаматшалар арасында мазмұнды дене шынықтыру-спорттық және тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру, олардың салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене белсенділігін арттыру, командалық рухты нығайту, сондай-ақ көшпелі халықтардың ұлттық дәстүрлері мен мәдени мұрасын насихаттау мақсатында Атырау облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №79 мекемесінде Дүниежүзілік тоғызқұмалақ күніне орай ұлттық зияткерлік ойыннан жарыс ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға 60 сотталған азаматша қатысып, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бағдарламасына енген ұлттық спорт түрлерінің бірі – тоғызқұмалақтан өзара бақ сынасты. Спорттық-танымдық шара қатысушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың ұлттық ойынға деген қызығушылығын арттыруға, логикалық ойлау қабілетін дамытуға және зейінін жетілдіруге бағытталды.
Жарыс барысында қатысушылар тоғызқұмалақ ойынының тарихы, пайда болу ерекшеліктері мен мәдени маңызы туралы мағлұмат алып, оның негізгі ережелерімен танысты. Ойын кезінде азаматшалар әр жүрісін байыппен саралап, жеңіске деген жігері мен табандылығын көрсетті.
Тоғызқұмалақ – терең ойлауды, тапқырлықты, сабырлылық пен стратегиялық шешім қабылдауды талап ететін ұлттық зияткерлік ойын. Жарыс барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, ойлау қабілеттерін шыңдауға және жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік алды.
Ұлттық ойындарды дәріптеу – халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізудің маңызды бағыттарының бірі. Тоғызқұмалақ арқылы қатысушылар ұлттық құндылықтардың мәнін тереңірек түсініп, ата-бабадан қалған асыл мұраға деген құрметін арттырды.
Осындай спорттық-танымдық және тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар сотталған азаматшалардың денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтын ұстануға, бос уақытын тиімді пайдалануға, өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға және қоғамға қайта бейімделу үдерісіне оң ықпал етеді.
Тоғызқұмалақ – ұлттың ұлы ойыны, халықтың рухани қазынасы, ой-сананы жетілдіретін мәдени мұра. Ұлттық ойынымызды ұлықтау – тарихымызға құрмет көрсетудің жарқын көрінісі. Оны сақтау, дамыту және келешек ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет.
