ІІМ-де "Серт" детективтік шығармалар байқауы мен "Біздің полиция" фотобайқауы қорытындыланды
Ішкі істер министрлігінде дәстүрлі түрде өткізілетін “Серт” республикалық детективтік шығармалар байқауының қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздардың туындылары жинақталған жаңа кітаптардың да тұсауы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаламгерлер додасы биыл үшінші рет өткізілді. Жарысқа өз шығармаларын республиканың әр аймағынан журналистер, жазушылар, әдебиетшілер жолдаған болатын. Одан бөлек, биыл бәйгеге аумақтық полиция департаменттерінің қызметкерлері де қосылды.
- Заң мен тәртіп және полиция тақырыбына осындай қызығушылық бізді қуантады. Жалпы детектив жанрының өзі оқырмандарға өте қызықты. Керемет туындылар кең аудиторияға жетуі тиіс деп есептейміз, - деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Байқау қорытындысы бойынша Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет “Үздік шығарма” номинациясымен, Түркістан облысынан келген Сейдулла Садықов “Қарымды қаламгер” номинациясымен марапатталды. Сонымен қатар кітап беттерін тиісті картиналармен әрлеген Динара Баржаксина алғысқа ие болды. Үшінші орынды Мұхтар Анарбекұлы, екінші орынды Владимир Бычков, бірінші орынды Жадыра Шамұратова қанжығасына байлады.
Одан бөлек, бұл күні “Біздің полиция” фотобайқауының жүлдегерлеріне марапаттар табысталды. "Заң мен Тәртіп" номинациясы бойынша Бекарыс Нұртіллә, "Қасымыздағы қаһармандар" номинациясы бойынша жеңімпазы Жанболат Кенжеғұл, "Балалық шақтың қорғаны" номинациясы бойынша Камиль Аллаяров, "Жол – қауіпсіздік аймағы" номинациясы бойынша Байтас Исмурзенов, "Шұғыл! Шақыру!" номинациясы бойынша Бақтияр Ғабдулов озық шықты.
суретте Байтас Исмурзенов - "Жол - қауіпсіздік аймағы"
- Мен алғыс білдіргім келеді. Осында келгеніме өте қуаныштымын, - деді фотограф Камиль Аллаяров.
Ішкі істер министрлігінің бастамасымен жасалған бұл байқаулар әдебиет пен мәдениетті дамытуға, азаматтардың құқықтық санасын арттырып, құқық қорғау органдары қызметімен жақынырақ таныстыруға бағытталған.