Түркістан облысында полиция мен еріктілер есірткі жарнамаларын жойды
Түркістан облысында полиция мен еріктілер 25-тен астам есірткі граффитиін жойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен Тәртіп" қағидатын ілгерілету аясында Түркістан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, прокуратура, Кентау қаласы ПБ-нің қызметкерлері еріктілермен бірлесіп, Кентау қаласында нашақорлықтың алдын алу бойынша акция өткізді.
Іс-шара барысында полицейлер белсенділермен бірге тұрғын үйлердің қабырғаларына, қоршауларға және басқа да қоғамдық орындарда есірткі сататын сайттарды жарнамалайтын 25-тен астам есірткі граффитиін жойды. Тәртіп сақшылары есірткінің зияны туралы түсіндірме жүргізіп, жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға және салауатты өмір салтын ұстануға, жоғары мақсаттар мен жетістіктерге ұмтылуға шақырды.
Полицейлер атап өткендей, мұндай іс-шаралар қоғамның нашақорлықпен күреске қатысуының маңыздылығын көрсетеді. Тек бірлескен күш-жігер арқылы қоршаған ортаны барлық тұрғындар үшін қауіпсіз етуге болатындығын есте ұстаған жөн.