Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада электровелосипедтің аккумуляторын қолды қылған ер адам ұсталды

Астанада электровелосипедтің аккумуляторын қолды қылған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордада курьер қызметін атқарып жүрген жас жігіт электровелосипедтің аккумуляторын ұрлап, иесіне 105 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірді. Полицейлер аталған қылмысты жедел ашып, күдіктіні анықтады.

Оқиға елорданың тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Алдын ала тергеу барысында белгілі болғандай, 23 жастағы азамат курьер болып жұмыс істей жүріп, аулада тұрған электровелосипедті байқаған. Қасында ешкімнің болмауын пайдаланып, ашық тұрған велосипедтен аккумуляторды шешіп алып, жасырын түрде оқиға орнынан кетіп қалған.

Электровелосипед иесі полицияға арызданған соң, оқиға орнына шұғыл жеткен жедел-тергеу тобы бейнебақылау камераларын қарап, күдіктінің түр-тұлғасын анықтады. Бірнеше сағат ішінде полицейлер оны ұстап, бөлімшеге жеткізді.

Күдікті өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Тергеу ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша жүргізілуде. 

Полиция азаматтарды жеке мүліктеріне ұқыпты қарауға, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға шақырады. Сонымен қатар, күдікті немесе күмәнді әрекеттер байқалған жағдайда дереу “102” нөміріне хабар беруді сұрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру