Қызылордада пробация есебіндегі жасөспірімдерге арналған әдеби экскурсия өтті
Қызылордада пробация есебіндегі жасөспірімдерге арналған әдеби экскурсия өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қалалық пробация қызметі есебіндегі кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерге арналған танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Жастар Әбділда Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханаға арнайы барып, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті өкілдерінің өмірі мен шығармашылығымен жақын танысты.
Іс-шараны Қызылорда қалалық пробация қызметі ұйымдастырды. Мақсаты – пробация есебіндегі жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу, әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және олардың тұлғалық дамуына оң ықпал ету.
Экскурсия барысында кітапхана қызметкері қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдері – Қалтай Мұхамеджанов пен Әбділда Тәжібаевтың шығармашылық мұрасына арналған жеке қорлар мен кітаптар топтамасын таныстырды. Жасөспірімдерге қаламгерлердің тұтынған заттары, әдеби жәдігерлері және сирек кездесетін кітаптары көрсетіліп, олардың өмір жолдары жайлы қызықты әрі тәрбиелік мәні зор деректер ұсынылды.
- Бүгінгі экскурсия бізге ерекше әсер қалдырды. Бұрын-соңды мұндай танымдық іс-шараларға қатысып көрмеп едік. Әдебиетке қызығушылығым оянды, – деді жасөспірімдердің бірі.
Пробация қызметінің мамандарының айтуынша, мұндай шаралар тәрбиелік маңызы зор, әрі жасөспірімдердің өмірлік бағытын дұрыс таңдауға септігін тигізеді. Алдағы уақытта да осындай бағыттағы іс-шаралар жиі өткізіліп отырады деп жоспарлануда.