Түркістан облысындағы трассада полицейлер саяхатшыларға көмектесті
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында Түркістан облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ресейден келген екі саяхатшыға көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент – Самара тасжолының 182-шақырымында полиция қызметкерлері Рахмет Асылбек пен Бақнұр Сәрсенбекұлы жол жиегінде тоқтап тұрған мотоцикл жүргізушілерін байқап қалып, дереу тоқтап, жағдайларын сұрады. Саяхатшылар Орынбордан Ташкентке бет алғандарын және бір мотоциклдің дөңгелегі жарылып қалғанын айтып, көмек сұрады.
Тәртіп сақшылары ақау шыққан мотоциклді жақын маңдағы жөндеу орнына жеткізуге жәрдемдесіп, саяхатшыларға салқын су ұсынды. Шетел азаматтары көрсетілген қолдау мен ілтипатқа ризашылықтарын білдіріп, жөндеу жұмыстарынан кейін сапарларын көтеріңкі көңіл-күймен жалғастырды.
Полиция қызметкерлері қиын жағдайға тап болған жандарға көмек көрсету — олардың басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.