Екібастұзда тыныштықты бұзған мотокөлік жүргізушілері жауапқа тартылды
Екібастұзда тыныштықты бұзған мотокөлік жүргізушілері жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұз ЖБО бейнекамералары көлік қозғалысының барысын жедел бақылайды, ізін суытпай құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге ықпал етеді. Сонымен қатар бейнебақылау камералары полицейлер жұмысының тиімділігін арттыруға және құқық бұзушылықтардың жедел жолын кесуге ықпал етеді.
Мысалы, түнде полицияға түнгі қала көшелерімен бір топ жастар мотоциклмен шу шығарып бара жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. ЖБО қызметкерлері камералар арқылы олардың қозғалысын қадағалады. Азаматтардың тыныштығын бұзған жеті байкер М.Жүсіп - Пішембаев көшелерінің қиылысында тоқтатылды. Тыныштықты бұзғаны үшін әр жүргізуші жауапқа тартылады.
- Түнгі уақытта мотоцикл қозғалысы әрқашан азаматтардың тыныштығын бұзатын гүріл мен шуылмен бірге жүреді. Тәжірибе көрсеткендей, көбінесе мотоцикл жүргізушілері мұндай құқық бұзушылықтарға жол беріп жатады. Патрульдік полиция қызметкерлері мұндай бұзушылықтардың жолын кесуге бағдарланған, - деді Екібастұз қаласы ПБ патрульдік полиция ротасының командирі Арман Құрманғали.
"Заң және тәртіп" қағидаты ішкі істер органдары қызметінің негізі болып қала береді. Құқық бұзушылар белгіленген тәртіппен жауапқа тартылатын болады.