Астанада түнгі уақытта салют атқан азаматтар жауапқа тартылды
Астанада түнгі уақытта салют атқан азаматтар жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарайшық ауданы аумағында "102" арнасына Қалдаяқов көшесінде салют атылғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына полиция қызметкерлері жіберілді. Тексеру барысында 19, 20 және 29 жастағы азаматтар анықталды.
Тыныштықты бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабының 1-бөлігі бойынша азаматтар әкімшілік жауапқа тартылды. Сонымен қатар ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша 19 жастағы Нұрмұхаммед Ерқанатұлына қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, ол Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау бөлмесіне қамалды.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен азамат кінәлі деп танылып, оған 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Полиция азаматтарға қоғамдық тәртіпті сақтаудың және айналасындағылардың тыныштығына құрметпен қараудың маңыздылығын еске салады. Қоғамдық орындарда құқық бұзушылық жасау заңнамада белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
