Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Оралда "Қауіпсіз аула" акциясы өтті: полиция мен тұрғындар аула тыныштығын бірге күзетуде

Орал қаласындағы Абай полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары көпқабатты және жеке тұрғын үйлер аумағында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған "Қауіпсіз аула" атты профилактикалық акция ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шараға ПИК өкілдері мен коммуналдық қызмет мамандары да белсенді қатысты.

Акцияның негізгі мақсаты — тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Осы мақсатта полиция қызметкерлері аула аумақтарын аралап, бірқатар маңызды нысандарды тексерді. Атап айтқанда:

көше жарығының жұмыс істеу жағдайы,

бейнебақылау камераларының қолжетімділігі мен жарамдылығы,

жаяу жүргіншілер жолдарының қауіпсіздігі,

балалар ойын алаңдарының техникалық жай-күйі назарға алынды.

Сонымен қатар шара аясында ата-аналармен, жасөспірімдермен және зейнеткерлермен кездесулер өткізілді. Қатысушыларға жеке және қоғамдық қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, құқықбұзушылықтың алдын алу жолдары бойынша кеңестер берілді. Түнгі уақытта жасөспірімдердің қараусыз жүруіне жол бермеу, мүлікті ұрлықтан қорғау және интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелері бойынша ақпараттық жадынамалар таратылды.

Акцияға жасөспірімдер ісі жөніндегі полиция инспекторлары мен еріктілер тобы да атсалысты.

— Мұндай аула аралау шаралары құқықбұзушылықтың алдын алумен қатар, тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатуға, олардың өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдауға мүмкіндік береді, — деді Абай полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бастығы Кенжетай Сисенғалиев.

Шара барысында тұрғындар өз ұсыныстарын білдіріп, аулалардағы қауіпсіздік пен жайлылықты арттыру жөніндегі пікірлерімен бөлісті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, "Қауіпсіз аула" акциясы алдағы уақытта да жалғасын тауып, полицияның тұрғын үй секторларындағы тұрақты профилактикалық жұмысының бір бөлігіне айналады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру