Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды тұрғынының қырағылығы интернет-алаяқтықтың алдын алды

Қарағанды тұрғынының қырағылығы несиелік алаяқтықтың алдын алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Цифрлық технологиялар қарқынды дамыған заманда киберқылмыстардың түрі де, тәсілі де күрделеніп барады. Мұндай жағдайда азаматтардың қырағылығы мен жауапкершілігі – қаржылық алаяқтықтан қорғанудың ең сенімді қалқаны. Қарағанды облысының киберқылмысқа қарсы күрес бөлімшелері тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, интернет-алаяқтықты әшкерелеудің жолдарын үйретуде. Бұл профилактикалық шаралар өз нәтижесін беріп келеді.

Банк қызметкерлері де күмәнді операцияларға ерекше назар аударады. Шетелдік шоттарға ірі көлемде ақша аудармақ болған немесе әдеттен тыс әрекеттер жасаған клиенттер жайлы ақпарат полицияға дер кезінде жеткізіледі.

Осындай қырағылықтың айқын мысалы биыл 30 шілдеде "Qarmet" АҚ аумағында болды. Кәсіпорын шебері 50 жастағы жол жөндеуші әріптесінің әбігерленіп жүргенін байқайды. Ол бір сағат бойы өзін банк қауіпсіздік қызметкеріміз деп таныстырған бейтаныс адамдармен телефон арқылы сөйлесіп, кенеттен "отбасылық жағдайға" байланысты жұмыстан сұранып кетпек болады.

Күдіктенген шебер азаматтық жауапкершілік танытып, жағдайды бірден Теміртау қаласының киберполиция бөліміне хабарлайды. Полиция қызметкерлері жұмысшының үйіне дереу жетіп, оның әлі де алаяқтармен байланыста екенін анықтайды. Сол уақытқа дейін қылмыскерлер оның атына бірнеше банктен шот ашып үлгерген және несие рәсімдеуге әрекеттенген.

Киберполицияның жедел әрекетінің арқасында несиелік келісім-шарттар тоқтатылып, азамат қарыз құрсауынан құтқарылды. Бұл жағдайда Qarmet шеберінің қырағылығы алаяқтықтың жолын кесуде және әріптесінің қаржысын сақтап қалуда шешуші рөл атқарды.

Оқиға – бірлескен әрекет пен дер кезінде қабылданған шешімнің киберқылмыстың алдын алып, өзіңді және жақындарыңды қаржылық шығыннан қорғауға болатынын дәлелдейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру