Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада тұрғындарды грантқа оқуға түсіремін деп сан соқтырған күдікті анықталды

Астанада тұрғындарды грантқа оқуға түсіремін деп сан соқтырған күдікті анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Астанада 33 жастағы әйел “оқу тағдырын шешіп беремін” деп сендіріп, бірнеше студент пен олардың ата-анасын сан соқтырған. Тергеу деректеріне сүйенсек, күдікті өзін жоғары оқу орнында беделді байланыстары бар адам ретінде таныстырған. Ол ақылы бөлімде оқып жүрген студенттерге мемлекеттік грантқа ауыстырып беремін деп уәде еткен. “Бар болғаны ақшасын берсеңдер болды, қалғанын өзім реттеймін” деп сендірген.

Ата-аналар балаларын грантқа түсіру үшін соңғы тиынына дейін жинап берген. Бірі қарыз алған, бірі тұрмыстық техникасын сатқан. Алайда грант та жоқ, ақша да жоқ – ал “көмекші ханым” жұмыстан шығып, телефон сөндіріп, ғайып болған. Шығын көлемі 800 мың теңге.

Жәбірленушілер біраз уақыт күтіп, уәде орындалмаған соң, полицияға шағымданған. Қазір күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тәртіп сақшылары оның осындай әдіспен алдаған басқа да азаматтарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Елордалық полиция азаматтарға мұндай “таныс арқылы тез шешілетін” ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді: “Грант – таныстықпен емес, тек біліммен және заңды жолмен беріледі”.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру