Полиция алматылықтан ірі көлемде гашиш тәркіледі
Жетісу облысында полиция алматылықтан гашиш тәркіледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң және тәртіп" қағидаты аясында Жетісу облысының ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері облыстық прокуратурамен бірлесе отырып, "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында таксимен ірі көлемде есірткі затын тасымалдамақ болған 28 жастағы алматылықты ұстады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары Алматы – Өскемен автожолы бойымен Алматы қаласы – Талдықорған бағыты бойынша бақыланатын жеткізу әдісімен жүргізілді.
Такси жүргізушісінің басқаруындағы Lexus 350 автокөлігін тексеру кезінде жүксалғыштан ақ қап табылды. Оның ішінде скотчпен оралған қара түсті полиэтилен қапшықтың ішінде жасыл түсті ұнтақ тәрізді өсімдік тектес зат болған.
Алынған зат жалпы салмағы 5 келі 952 грамм болатын гашиш есірткі құралы болып шықты.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.