Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да жас полицейлерге жаңа үлгідегі қызметтік куәліктер табысталды

СҚО-да жас полицейлерге жаңа үлгідегі қызметтік куәліктер табысталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне 30 жыл толуына орай Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің сегіз жас қызметкері жаңа үлгідегі қызметтік куәліктер алды.

Салтанатты шараға олардың туыстары мен полиция ардагерлері қатысты. Кеше ғана тағылымдамадан өткен түлектер — екі лейтенант пен алты кіші сержант — енді қызмет жолын әртүрлі бөлімшелерде бастайды: жедел әрекет ету арнайы жасағынан бастап автотехникалық бөлімге дейін, департамент аппаратынан аудандық полиция бөлімдеріне дейін. Алда оларды Заң мен тәртіпті қорғауға бағытталған жауапты әрі абыройлы қызмет күтіп тұр.

Полиция қызметі заман талабына сай технологиялық тұрғыдан жаңарып келеді. Жаңа куәліктерде QR-код қарастырылған, оны сканерлегенде e-gov порталындағы ҚР ІІМ ресми парағына өтуге болады. Сондай-ақ куәліктерде көру қабілеті нашар адамдарға арналған Брайль қарпімен жазылған мәтін бар.

Куәліктерді табыстау рәсіміне департамент ардагерлері — тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Кәпез Дәулетбаев пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықов шақырылды. Жас полицейлерді құттықтаған олар салтанатты шараның Солтүстік Қазақстанда өткен ғасырдың ортасында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан ең жас тәртіп сақшысы Ғазиз Есімов есімі берілген аллеяда өтуінің ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Полиция полковнигі (отставкадағы) Дәулетбаев жас әріптестерін басты құжат — қызметтік куәлікті қадірлеуге, халық пен мемлекет мүддесі үшін абыроймен қызмет етуге шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру