Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысы ПД бастығы Ұлттық ұлан сарбаздарымен кездесті

Жұмыс сапары аясында Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов Ұлттық ұланның мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесудің алғашқы сәтінен-ақ өңірдің бас полицейі жас сарбаздардың тұрмыс-тіршілігіне, қызметке бейімделуіне, жайлылығы мен көңіл-күйіне шынайы қызығушылық танытты. Ашық әрі сенімді әңгіме барысында ПД бастығы сарбаздарды мұқият тыңдап, олардың сұрақтарына жан-жақты әрі шынайы жауап берді.

Департамент бастығы әсіресе экипировка мәселесіне ерекше назар аударды. Оның жеке бастамасымен былтырдан бастап сарбаздарға жаз мезгілінде киюге ыңғайлы кроссовкалар сатып алынып келеді. Бұл – бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, әскери қызметшілердің жайлылығы мен денсаулығына бағытталған маңызды қадам.

Әңгіме барысында сарбаздар полиция қызметіне қатысты көптеген сұрақ қойып, Сағындық Аяғанов өзінің көп жылдық тәжірибесімен бөлісті. Ол құқық қорғау саласындағы қызықты сәттер мен қызмет барысындағы ерекшеліктерді әңгімелеп, жастарды әскери борышын өтегеннен кейін полиция қатарына қосылуға шақырды. Бұл ұсыныс сарбаздар тарапынан қолдау тауып, олар полицияға қалай кіріп, қызмет етуге болатыны жайында белсенді түрде сұрақтар қойды.

Кездесуден кейін С.Аяғанов бөлімшенің жөндеуден кейінгі жағдайымен танысып, ғимарат ішін аралап шықты. Ол жиһаз, тұрмыстық жабдықтар және басқа да қажеттіліктер сапарып қатаң тексеріп, барлық қажетті қолдау көрсетілетінін және бұл жұмыс өзінің тарапынан жүйелі түрде жалғасын табатынын айтты.

Сапар соңында ПД бастығы сарбаздардың асханасына барып, тамақтану сапасын, мәзірін және азық-түлікпен қамтылуын тексерді. Сарбаздармен бірге отырып, ас ішіп, оларға жүрекжарды тілектерін айтып, бата берді.

Іс-шараның соңында өңірдің бас полицейі ерекше тәртіп пен қызметке жауапкершілікпен қараған 10 сарбазға алғыс хат табыстады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру