Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жаңа оқу жылы: оқушылардың қауіпсіздігі – басты назарда

Түркістанда "Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман" тақырыбында дәстүрлі облыстық тамыз педагогикалық кеңесі ұйымдастырылды. Бұл маңызды жиынға ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова, облыс әкімі Нұралхан Көшеров, полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев және басқа да өңір басшылары қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кеңес барысында инновациялық жобалардың көрмесі таныстырылды. Жиында білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланды, оның ішінде оқушылардың қауіпсіздігі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да сараланды.

Оқушылардың қауіпсіздігі – басты назарда. Мектептерде бейнебақылау, турникеттер, дабыл түймелері мен күзет жүйелері толық орнатылған. Сонымен қатар мектептер Түркістан облысы ПД-ның жедел басқару орталығымен байланыстырылған.

Жалпы, облыста полиция қызметкерлері жасөспірімдердің қауіпсіздігі бойынша профилактикалық шараларды үздіксіз атқарып келеді. Оған оқушылармен тұрақты ұйымдастырылатын кездесулер, дөңгелек үстелдер, арнайы рейдтер және жол қауіпсіздігі бағытындағы дәрістеріне дейінгі шаралар жатады. Сондай-ақ тәртіп сақшылары "Түнгі қаладағы балалар" және "Абайлаңыз, балалар" тақырыбында жедел-профилактикалық шараларды назардан тыс қалдырмайды.

Осы себепті облыстық білім басқармасы, полиция департаменті және цифрландыру басқармасы үшжақты жоспар аясында алдағы уақытта да жан-жақты жұмыс атқарады. Бастысы – балалардың амандығы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру