Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Теміржол бойында мал жайғаны үшін Ақмола облысының тұрғыны жауапқа тартылды

Теміржол бойында мал жайғаны үшін Ақмола облысының тұрғыны жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

21 тамызда Ақмола облысындағы "Қараадыр – Жалтыр" учаскесінде жүк пойызының машинисі теміржол бойында жүрген бір отар қойды байқап, шұғыл тежеу қолдануға мәжбүр болды. Алайда апаттың алдын алу мүмкін болмай, нәтижесінде пойыз 21 қойды қағып өтті. Оқиға салдарынан пойыз қозғалысы 19 минутқа тоқтады.

Көлік полицейлерінің айтуынша, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Астана стансасындағы желілік полиция басқармасының қызметкерлері үй жануарларын теміржол бойында баққан 40 жастағы Ақмола облысының тұрғынын анықтады.

- Азамат теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін жауапқа тартылды, – деді Құрмет Мәжікенов.

Полиция өкілі атап өткендей, үй жануарларының теміржол үстіне шығуы пойыз қозғалысына елеулі қауіп төндіреді, локомотивтің зақымдалуына әкелуі мүмкін. Ал шұғыл тежеу жолаушылардың денсаулығына да қатер төндіріп, пойыз қозғалысы кестесінің бұзылуына себеп болады.

Айта кетейік, биылғы жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаменті үй жануарларын пойыз басып кетудің 827 дерегін тіркеді. Оның ішінде 166 бас жылқы, 82 бас ірі қара, 43 бас ұсақ мал және өзге де жануарлар бар. Осы уақыт ішінде теміржол аумағында мал жаю ережесін бұзғаны үшін 305 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру