Қостанайда пробация қызметі жаңа электрондық бақылау құрылғыларын қолдана бастады
Қостанайда пробация қызметі жаңа электрондық бақылау құрылғыларын қолдана бастады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай қаласының жергілікті атқарушы органдарының қолдауымен пробация қызметі жаңа электрондық бақылау құрылғыларын қолдана бастады. Бұл жүйе есепте тұрған сотталғандарды бас бостандығынан айыру орындарына жібермей-ақ, олардың жүріс-тұрысын қадағалауға мүмкіндік береді.
- Электрондық білезіктер – жазаны өтеудің заманауи әрі адамгершілік қағидаларына негізделген тәсілі. Бұл құрылғылар арқылы біз қадағалауды тиімді жүргізіп қана қоймай, адамның қоғаммен байланысын сақтап, қалыпты өмірге қайта оралуына мүмкіндік береміз, – деді Қостанай қалалық пробация қызметінің бастығы.
Электрондық бақылау құрылғылары (ЭБҚ) қадағалаудағы адамның нақты орналасқан жерін көрсетіп, сот белгілеген талаптардың орындалуын қадағалауға мүмкіндік береді. Олардың көмегімен:
-
сотталған адамның белгілі бір уақытта үйде болуын бақылау;
-
тыйым салынған орындарға бармауын қамтамасыз ету;
-
қозғалыс шектеулерін сақтауын және қала шегінен шықпауын қадағалау мүмкіндігі бар.
- Біз нақты уақыт режимінде адамның қайда жүргенін көріп отырамыз. Егер ережелер бұзылса, жүйе бірден белгі береді. Бұл бізге дер кезінде әрекет етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді, – дейді пробация қызметінің мамандары.
Электрондық білезіктерді қолданудың бірқатар артықшылықтары бар:
Қайта қылмыс жасау қаупін төмендетеді;
Сотталған азаматтың жауапкершілігін арттырады;
Оның әлеуметтік өміріне шектеуді азайтады – жұмыс істеуіне, білім алуына, отбасына қамқорлық көрсетуіне мүмкіндік береді;
Пробация жүйесін ашық әрі тиімді етеді.
Бүгінде электрондық білезіктер Қазақстандағы пробациялық қадағалаудың негізгі құралдарының біріне айналуда. Бұл бастама қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге және сотталғандарды табысты қайта әлеуметтендіруге жағдай жасайды.
- Біздің міндетіміз – тек бақылау жүргізу ғана емес, сонымен бірге адамға өмірін дұрыс арнаға бағыттауға көмектесу. Электрондық бақылау жүйесі осыны қоғамнан оқшаулаусыз іске асыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті пробация қызметінің өкілдері.