Ұлттық ұланның әскери қызметшілері "Мектепке жол" акциясын өткізді
Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 6506 және 6698 әскери бөлімдері дәстүрлі республикалық "Мектепке жол" акциясын өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Акция аясында әскери қызметшілер биыл алғаш мектеп табалдырығын аттайтын әскери қызметшілердің балаларына салтанатты түрде мектеп сөмкелері мен кеңсе тауарларын табыстады. Мұнда 50-ге жуық бірінші сынып оқушысы мектепке қажетті құрал-жабдықтар жиынтығын алды.
- Мектепке алғаш қадам басқан әр бала – ерекше көңіл мен қолдауға лайық. Біз әскери қызметшілеріміздің отбасылары үшін маңызды кезеңде өз үлесімізді қоса алғанымызға қуаныштымыз. Оларға қамқорлық көрсету — біздің әскери дәстүріміздің бір бөлігі, - деп атап өтті 6506 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бауржан Шораев.
Айта кетейік, мұндай игі бастама Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.