Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Халық сенімін ақтаған тәртіп сақшысы

Қоғам тыныштығын сақтау – аса жауапты міндет. Бұл саланың ауыр жүгін күн сайын арқалап жүрген жандардың бірі – Жылыой аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Азамат Маратұлы Қаламбаев. Тәртіп сақшысы туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Азамат Қаламбаев – Атырау облысы, Қызылқоға ауданының тумасы. 2010 жылы ішкі істер органдарының қатарына қабылданып, содан бері 15 жылға жуық уақыт бойы азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау жолында адал қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда ол бекітілген аумақтағы 2000-ға жуық тұрғынның тыныштығына жауапты.

Полицияға деген қызығушылығы бала кезінен бастау алған. Бұл таңдауға тәртіп сақшысы болған жақын туысы үлгі болыпты. Арман жетелеген жас Азамат алдымен Б. Момышұлы атындағы Шымкент заң колледжінде, кейін Батыс Қазақстан облысындағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде білім алды.

Кәсіби шеберлігі мен адалдығы бағаланып, 2020 жылы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің қолынан "Мінсіз қызметі үшін" грамотасымен марапатталды. Бұл марапат – оның табандылығы мен жауапкершілігінің нақты айғағы.

Бүгінде Азамат Қаламбаев – отбасылы, төрт баланың әкесі. Бос уақытында спортпен, әсіресе футбол және жеңіл атлетикамен айналысқанды ұнатады.

– Мен үшін қоғамдық тәртіпті қадағалау – табандылық пен үлкен жауапкершілікті қажет ететін еңбек. Басты мақсатым – осы миссияны абыроймен әрі адал атқару, – дейді ол.

Өз ісіне адалдығымен, қарапайым болмысымен ерекшеленетін Азамат Маратұлы – қызметтік борышын абыроймен өтеп жүрген нағыз үлгілі полиция қызметкері.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру