Қарағандыда полицейлер жаңа оқу жылы қарсаңында жол қауіпсіздігін еске салды
Қарағандыда полицейлер жаңа оқу жылы қарсаңында жол қауіпсіздігін еске салды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу жылының басталуына орай балалардың мектепке бару және үйге қайту кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта 25 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында Қарағанды қаласында "Назар аударыңдар – балалар!" республикалық акциясы өтуде. Оның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, балаларға қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын үйрету, сондай-ақ жасөспірімдерді көлік ортасына бейімдеу.
Акция аясында Қарағанды қаласы полиция басқармасында балаларға арналған танымдық шара ұйымдастырылды. Оған балалар үйінің тәрбиеленушілері арнайы шақырылды. Полицейлер жас қонақтарға мазмұнды бағдарлама ұсынып, жол қозғалысы ережелерін түсіндіріп қана қоймай, өздерінің күнделікті қызметтік жұмыстарының ерекшеліктерімен де таныстырды.
Балалар ерекше қызығушылықпен қызметтік иттердің өнерін тамашалап, жедел әрекет ету жасағы сарбаздарының қару-жарақтарымен танысты. Шара барысында жасөспірімдер жолдағы қауіпсіздіктің маңыздылығын терең түсінді.
Қарағанды қаласы ПБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Мұхамеджанов балаларға арнаған сөзінде:
- Балалар – біздің болашағымыз! Олардың мектепке де, үйлеріне де аман-есен жетуі үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Баршаңызға денсаулық, амандық және шат-шадыман балалық шақ тілеймін, – деп атап өтті.