Павлодар облысында полиция мұғалімдерге интернет-алаяқтықтан қорғану жолдарын түсіндірді
Павлодар облысында полиция мұғалімдерге интернет-алаяқтықтан қорғану жолдарын түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ертіс ауданында мектеп ұстаздарына арналған киберқауіпсіздік тақырыбындағы құқықтық сабақ өтті. Оны полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Төлеген Алпысбаев жүргізіп, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен олардың алдын алу жолдарына тоқталды.
Ол өз сөзінде алаяқтардың азаматтардың сенімін пайдаланып, бөтеннің мүлкін иемденудің жаңа тәсілдерін үнемі ойлап табатынын атап өтті. Соңғы уақытта интернет-алаяқтық фактілерінің жиілегенін ескерген полицейлер аудан тұрғындарымен, соның ішінде ұстаздармен түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде.
Кездесу барысында мұғалімдерге алаяқтардың алдау үшін қолданатын негізгі әдістері түсіндіріліп, олардың қырағылық танытып, күмәнді ұсыныстарға алданбауы қажеттігі ескертілді.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болған жағдайда, сондай-ақ күдік тудыратын ақпарат алған кезде бірден 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласу керектігін еске салды.
Есіңізде болсын! Сіздің қауіпсіздігіңіз – өз қолыңызда. Әрқашан қырағы болыңыз!