Тілдер күні: Маңғыстау облыстық ҚАЖД-да зияткерлік ойын ұйымдастырылды
Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде Қазақстан халқының тілдері күні және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай "Тіл – асыл қазына" атты зияткерлік ойын ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мерекелік шараға үш команда – "Алаш", "Тау" және "Жастар" қатысып, қазақ халқының мақал-мәтелдері, салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарына қатысты сұрақтарға жауап берді. Зияткерлік дода барысында қатысушылар тапқырлығын, білімін және өнерін көрсетті.
Ойын қорытындысы бойынша І орынды "Жастар" командасы (№77 мекеме), ІІ орынды "Тау" командасы (пробация қызметі), ІІІ орынды "Алаш" командасы (№43 мекеме) иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен, медальдармен және кітап түріндегі сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар белсенділік танытқан көрермендер де ескерусіз қалмай, арнайы сыйлықтарға ие болды.
Аталған іс-шара мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, жас ұрпақты ана тілі мен ұлттық салт-дәстүрге құрметпен қарауға тәрбиелеуге, сондай-ақ көпұлтты қазақстандық қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтуға бағытталды.