Цифрлық бақылау пробация қызметінің тиімділігін арттырды
Жыл басынан бері Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметкерлері "Цифрлық пробация" мобильді қосымшасы арқылы сотталғандардың белгіленген шектеулер мен міндеттерді бұзуына қатысты 120-дан астам фактіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Цифрлық құрал қашықтан бақылау жүргізуге, құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға және профилактикалық жұмыстарды уақытылы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысында пробация қызметінің қызметкерлері есепте тұрған адамдарға бақылауды күшейту, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында заманауи цифрлық технологияларды қолданып келеді.
Осындай құралдардың бірі – инспекторлар мен пробациялық есепте тұрған адамдардың қашықтан байланысуына мүмкіндік беретін "Цифрлық пробация" мобильді қосымшасы. Оның көмегімен аудио және бейнеқоңыраулар жасауға, сондай-ақ сотталғандардың орналасқан жері туралы мәліметтерді тексеруге болады.
Қосымшаның функционалы инспекторларға қажетті ақпаратты жедел алуға, белгіленген шектеулердің сақталуын бақылауға және анықталған бұзушылықтарға дер кезінде ден қоюға мүмкіндік береді. Бұл пробациялық бақылаудың тиімділігін арттырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізуге ықпал етеді.
Жыл басынан бері "Цифрлық пробация" мобильді қосымшасы арқылы 120-дан астам құқық бұзушылық фактісі тіркелген.
Мәселен, бақылау барысында сотталғандардың бірінің инспектордың тиісті рұқсатынсыз белгіленген аумақтан шығып кеткені анықталған.
Осы факті бойынша пробация қызметінің инспекторы сотталғанмен профилактикалық әңгіме жүргізіп, оған жазбаша ескерту тапсырған. Сонымен қатар жүктелген міндеттер мен белгіленген шектеулерді алдағы уақытта да бұзған жағдайда туындайтын құқықтық салдарлар түсіндірілген.
Мұндай шаралар құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап қана қоймай, олардың қайталануына жол бермеуге бағытталған. Жеке профилактикалық жұмыс барысында сотталғандарға заң талаптарын сақтау, жүктелген міндеттерді орындау және белгіленген шектеулерді бұзған жағдайда қолданылуы мүмкін құқықтық шаралар түсіндіріледі.
Цифрлық технологияларды пайдалану инспекторлар мен есепте тұрған адамдар арасындағы өзара байланысты жетілдіруге, бақылау тиімділігін арттыруға және тиісті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар пробация қызметі сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіп, олардың қоғамға бейімделуіне және заңға бағынатын өмір салтына оралуына жәрдемдеседі. "Цифрлық пробация" қосымшасы осы бағыттағы жұмысты жетілдіруге және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
