Астанада мас күйде көлік жүргізген жүргізушілер анықталды
Астанада мас күйде көлік жүргізген жүргізушілер анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен демалыс күндері Астанада полицейлер көлікті мас күйде басқарудың 24 дерегін анықтады. Соның бірі таңертеңгі уақытта тіркелді – елорданың бір көшесінде полиция қызметкерлері 26 жастағы ер азаматты тоқтатқан. Ол жүргізуші куәлігінсіз, әрі мас күйде көлік тізгіндеген.
Медициналық куәландыру жүргізушінің ағзасында алкоголь бар екенін растады. Сот шешімімен ол 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Ал оның көлігі коммуналдық тұраққа қойылды.
Мас күйде көлік басқарған барлық жүргізуші заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері елордада осындай 1296-ға жуық құқық бұзушылық тіркелді. Құқық қорғау органдары бақылауды, әсіресе түнгі уақытта және демалыс күндері күшейтуде.
Полиция ескертеді: мас күйде көлік тізгіндеу – бұл тек заң бұзушылық қана емес, жүргізушінің де, айналадағы адамдардың да өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп.