Өскеменде үй жағдайында қарасора өсіру фактісі әшкереленді
Өскеменде үй жағдайында қарасора өсіру фактісі әшкереленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс прокуратурасының үйлестіруімен полицейлер "Қарасора" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында үй жағдайында есірткілік өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегін анықтады.
Тінту кезінде 58 жастағы Өскемен тұрғынының үйінен жарықтандыру және желдету жүйесі орнатылған арнайы "гроубокс", сондай-ақ ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдіктері бар ыдыстар табылды. Сараптама қорытындысы олардың құрамында психоактивті компонент – дельта-9-тетрагидроканнабинолы бар қарасора екенін растады. Тәркіленген заттың жалпы салмағы 570,55 граммды құрады.
Күдікті тұқымды интернет арқылы сатып алғанын және өсімдікті жеке тұтыну үшін еккенін түсіндірді.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егу) бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция ескертеді: есірткілік өсімдіктерді заңсыз өсіру мен сақтау – қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай әрекет сату үшін жасалса да, жеке мақсатта пайдаланылса да, заң алдында міндетті түрде жауап беруге тура келеді.
Полиция азаматтарды заңға қайшы әрекеттерден бас тартып, қоғамда нашақорлықтың таралуына қарсы күреске белсенді үлес қосуға шақырады.