ШҚО-да полиция “Таза Қазақстан” акциясы аясында тазалық үшін күресті жалғастыруда
ШҚО-да полиция “Таза Қазақстан” акциясы аясында тазалық үшін күресті жалғастыруда, — деп хабарлайды Polisia.kz.
2024 жылдың 15 сәуірінен бастап Шығыс Қазақстан облысында республикалық экологиялық акция – “Таза Қазақстан” өтіп жатыр. Іс-шара аясында жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері мен әкімдік өкілдері бірлесіп, экологиялық заңнаманың және санитарлық тәртіптің сақталуына тұрақты бақылау жүргізуде.
Облыс бойынша 16 мобильді топ құрылып, олар рейдтік шаралар өткізіп, абаттандыру ережелерінің бұзылуын анықтап, рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеу бағытында жұмыс істеуде.
Акция басталғалы бері: 15 500-ден астам құқық бұзушылық анықталды, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 10 165 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, қоғамдық орындарды ластаған 5 428 тұлғаға шара қолданылды, 289 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, оның 273-і жойылды, атқарушы органдар мен заңды тұлғаларға себептері мен жағдайларын жою мақсатында 300-ден астам ұсыныс жолданды.
Полиция облыс тұрғындарын ортақ тәртіп пен тазалықты сақтауға шақырады. Қоғамдық орындарға құрметпен қарап, абаттандыру ережелерін бұзбау – әр азаматтың міндеті.