Тәртіп сақшыларының қызметтік көліктеріне жауапты маман: Дүйсенбай Құрақбаевтың еңбек жолы
Ақтөбе облысы полиция департаментінің автокөлік жөндеу шеберханасының бастығы Дүйсенбай Құрақбаев отыз жылға жуық уақыт бойы тәртіп сақшыларының қызметтік көліктерінің техникалық жарамдылығын қамтамасыз етіп, адал еңбегімен әріптестерінің құрметіне бөленіп келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысының полиция департаментінде Дима ағайды білмейтін адам жоқ десе болады. Әр көліктің ақауын дыбысынан-ақ танитын ол – нағыз шебер. Тәртіп сақшыларының автокөліктерін жөндеп, олардың бабында болуын қамтамасыз етіп келе жатқанына отыз жылға жуықтапты.
Дүйсенбай Құрақбаев бұл қызметке 1997 жылы келіп, алғашында слесарь-моторист болып орналасқан. Іскерлігі мен ынтасының арқасында біртіндеп тәжірибелі маманға айналып, бүгінде өңірлік полиция департаментінің автокөлік жөндеу шеберханасының бастығы қызметін атқарады. Ол – тәртіп сақшыларының темір тұлпарларының техникалық жарамдылығына тікелей жауапты жан.
Осы жылдар ішінде полицияның автопаркі айтарлықтай жаңарып, ескі көліктердің орнын заманауи үлгідегі техникалар алмастырғанын айтады. Қазір ол шамамен 900-ге жуық қызметтік автокөліктің жағдайын бақылауда ұстайды. Қай көлік болмасын алдымен Дима ағайдың қырағы көзінен өтеді. Тіпті ірі техникалық орталықтарда жөнделген автокөліктердің өзі оның жеке тексеруінен өтпейінше, сапқа қойылмайды. Өйткені қоғамдық тәртіп пен қылмыспен күресте полицейдің көлігі сақадай сай болуы – аса маңызды.
– Полицияның қызметтік көліктері тәуліктің әр мезгілінде, жылдың төрт маусымында, боран мен тасқын кезінде де қолданылады. Сол себепті олардың бабында болуы және ақаулы көліктің желіге жіберілмеуі қатаң қадағаланады, – дейді Дүйсенбай Ғайнетдинұлы.
Электр монтаждаушы мамандығы бойынша білім алған ол түрлі салада еңбек еткен: құрылысшы да, жүргізуші де болған. Дегенмен, көлік жөндеу ісіне келгеннен кейін өз жүрегінің қалауын тапқанын түсініп, осы кәсіпке біржола бет бұрған.
Бүгінде ай сайын 40-50-ге жуық автокөлік оның қолынан өтеді. Шалғай ауылдардағы тәртіп сақшылары да көліктерінен ақау байқаса, бірден Дима ағайға хабарласады. Көп жағдайда ол алыстан-ақ диагнозын қойып, қажет болса жөндеуге алып кетуді ұйымдастырады.
Алпыстың асқарына таяған шебердің көліктерге деген махаббаты әлі де ескі үлгіден бастау алады.
– Алғаш рет әкемнің Москвичін айдағаным әлі есімде. Өзімнің алғашқы көлігім – Жигули болды, оны он жылға жуық айдадым. Қазір жеке көлігім – ВАЗ-2107, ал қызметтік көлігім – Нива. Ескі үлгідегі қарапайым машиналар әлі күнге дейін жаныма жақын, – деп күлімсірейді ол.
Қарапайым еңбегімен қадірге бөленген Дүйсенбай Құрақбаев – екі баланың үлгілі әкесі, алты немеренің ардақты атасы.
– Мамандықтың, адал кәсіптің жаманы болмайды. Әр адам өзіне ұнайтын іспен айналысса, ол тек жеке басына ғана емес, қоғамға да пайдасын тигізеді, – дейді көп жылдық еңбегін кәсібіне арнаған шебер.