Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында "Жас сақшы" кадет сыныбы ашылды

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында "Жас сақшы" кадет сыныбы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Мұнайлы ауданы Баянды ауылында орналасқан №3 жалпы білім беретін мектепте патриоттық және құқықтық тәрбиеге бағытталған "Жас сақшы" кадет сыныбы ашылды. Ерекше мәнге ие бұл сынып ішкі істер органдарының ардагері Бөрше Әбішқалиев есімімен аталды.

Сыныптың ашылу салтанатына Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов арнайы қатысып, жас өрендерге ізгі тілегін білдірді. Ол өз сөзінде кадет сыныптарының елжанды, отансүйгіш және тәртіпті жас ұрпақ тәрбиелеудегі маңыздылығына тоқталып өтті.

Бөрше Әбішқалиев 1937 жылы Маңғыстау өңірінде дүниеге келген. 1970 жылдан бастап ішкі істер органдарында түрлі қызметтерді атқарып, Бейнеу мен Жетібай елді мекендерінде саптық бөлімше командирі, жол-патрульдік қызмет инспекторы лауазымдарында абыройлы еңбек етті. Ол өз өмірін жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арнады. 1993 жылы "полиция старшинасы" шенімен зейнетке шықты.

Өз ісіне адалдық танытқан ардагер – отбасылы, 11 баланың әкесі. Өмірлік жолы мен еңбектегі табандылығы жас буынға өнеге болып қала береді.

Жаңа ашылған кадет сыныбы жасөспірімдерге патриоттық сезімді, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыруға, сондай-ақ құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталмақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру