“Учаске” ЖПІШ: көлік нысандарында құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары күшейтілді
Көлік нысандарында құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары күшейтілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі 2025 жылды “Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде” деп жариялаған бастамасы аясында осы жылдың 1 қыркүйегі мен 1 қарашасы аралығында республика аумағында “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл туралы көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Ондасын Аштаев айтты.
Ол “Учаске” ЖПІШ-нің негізгі міндеті – құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысын күшейту, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және еліміздің теміржол және әуе көлігі нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету деді.
Жалпы, аталған іс-шара “Темір жол – аса қауіпті аймақ!” ұранымен өтуде. Осыған сәйкес теміржолдарды кесіп өту кезіндегі қауіпсіздік мәселелеріне айырықша көңіл бөлінуде.
О.Аштаевтың айтуынша, бүгінгі күні қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген департамент пен оның желілік бөліністерінің қызметкерлері кешенді профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
— Теміржол көлігі нысандарында тиісті ережелерді сақтамау тек құқық бұзушылардың ғана емес, сондай-ақ жолаушылардың, локомотив бригадалары өкілдерінің өмірі мен денсаулығына және тасымалданатын жүктердің сақталуына қауіп төндіреді. Сондықтан біз азаматтарды қырағылыққа және теміржол инфрақұрылымында болған кездерінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз, — деді О.Аштаев.
Бұған қоса, іс-шара барысында көлік полицейлері 291 рет аула аралау жұмыстарын жүргізіп, 763 профилактикалық буклет таратқаны, оқу орындарында студенттермен 844 дәріс, сондай-ақ 630-дан астам мектеп оқушыларымен түсіндіру сабақтарының өткізілгені айтылды. Сонымен қатар теміржолға жақын орналасқан елдімекен тұрғындарымен 380-ге жуық кездесу ұйымдастырылды. Жиындар барысында тәртіп сақшылары азаматтардың барлық сауалына жауап берді, өз кезегінде қатысушылар да полиция қызметкерлеріне мазмұнды дәрістері үшін алғыстарын білдірді.
— Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, теміржолдардан өту кезінде құлаққап пен телефондарды пайдалануға мүлдем болмайтындығын еске саламыз. Теміржолды тек арнайы жабдықталған орындардан, әрі жүріп келе жатқан пойыздардың немесе локомотивтердің жоқ екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана өту қажет. Сондай-ақ вагондардың астынан өтуге немесе автотіркемелердің үстінен өтуге жол берілмейді, — деді көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Ондасын Аштаев.
Көліктегі ПД алдағы уақытта да көлік нысандарында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстарды жалғастыра бермек.