Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында пойызға залал келтірген тұрғын жауапқа тартылды

Көлік полицейлері Ақмола облысының 22 жастағы тұрғынын пойызға залал келтіргені үшін жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Ақмола облысының тұрғынын теміржол құрамын қасақана бүлдіргені үшін жауапкершілікке тартты. Оқиға Елтай станциясында Көкшетау – Нұрлы Жол бағытындағы электр пойызы жөнелтілген кезде болған.

Көліктегі ПД бастығының орынбасары Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, пойызға мінуге кешіккен 22 жастағы бойжеткен есіктердің жабылып қалғанын көріп, машинист кабинасына тас лақтырған. Салдарынан алдыңғы әйнек сынған. Бұл әрекет қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төнуіне әкеп соғуы мүмкін еді. Абырой болғанда локомотив бригадасының мүшелері жарақат алған жоқ. Құқық бұзушы бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін жауапкершілікке тартылды.

Қ.Мәжікенов мұндай әрекеттер тек адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін, сонымен қатар теміржол көлігінің тұрақты жұмысына кері әсер етіп, қозғалыс кестесінің бұзылуына және апаттық жағдайлардың туындау қаупінің артуына себеп болуы мүмкін екенін атап өтті.

- Осыған сәйкес, барлық азаматты көлік нысандарында тәртіп ережелерін қатаң сақтап, барынша жауапкершілік танытуға шақырамыз. Бұған қоса, кез келген заңсыз әрекетке, яғни, мүлікті қасақана бүлдіруге, теміржолдарға бөгде заттарды қоюға немесе тоқтату кранын рұқсатсыз қолдануға қатаң түрде тыйым салынатынын және заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін ескертеміз, – деді ол.

Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері Көліктегі ПД-да 1 170 шұғыл тежеу фактісін тіркелді. Оның ішінде 20 факт — тоқтату кранын өз бетінше пайдаланудан, 4 — жолға бөгде заттардың қойылуынан, ал 49 — жылжымалы құрамның әйнектерінің бүлінуінен болған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру