Көлік полицейлері әуе рейстерінде құқық бұзушылықтарды тіркеді
Жыл басынан бері әуе рейстерінде 470-ке жуық құқық бұзушылық тіркелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері ұшақ бортында жасалған 466 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Барлық деректер бойынша құқық бұзушылар заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі – 282 дерек қоғамдық орынға мас күйде келумен байланысты болса, 124 жағдайда жолаушылар темекі шеккен. Сонымен қатар 29 дерек ұсақ бұзақылыққа, ал қалғандары қоғамдық тәртіпті бұзудың өзге түрлеріне қатысты.
Жуырда мұндай жағдай Шарм-эль-Шейх – Алматы бағытындағы рейс бортында болды. Шымкент қаласының 46 жастағы тұрғыны әуе кемесінің әжетханасында электронды темекі шегіп, әуе тасымалы ережелерін өрескел бұзған. Ұшақ Алматы әуежайына қонған соң, рейс командирінің актісі негізінде желілік полиция қызметкерлері азаматшаны рейстен түсіріп, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Нәтижесінде ол 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Көлік полицейлері әуе кемесінің бортында темекі шегу – ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін ауыр құқық бұзушылық екенін ескертіп, жолаушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.