Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында полиция қызметінің жаңа форматтағы ерекше акциясы ұйымдастырылды

Қостанай облысында полиция қызметінің жаңа форматтағы ерекше акциясы ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қала көшелерінде және облыс трассаларында тұрғындардың назарын өзіне аудартқан ерекше автобус жүрді. Жолаушылардың орнына – полиция қызметкерлері, ал соңғы аялдаманың орнына – тұрғындардың сұрақтары. "Жолда қабылдау" республикалық акциясы аясында тәртіп сақшылары көшпелі қабылдау өткізді.

Мақсат – халықпен ашық диалог орнату, құқықтық сауаттылықты арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және өзекті мәселелердің шешімін іздеу.

— Көпшілік учаскеге немесе бөлімшеге келе бермейді. Ал мына формат – тұрғындармен күнделікті ортада, көшеде, дүкеннің қасында, жол бойында тікелей сөйлесуге мүмкіндік береді. "Жолда қабылдау" халықтың пікірін тыңдап қана қоймай, полиция мен қоғамды жақындастырады, — деді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Мақсұт Ералиев.

Мобильді қабылдау автобусының бағыты алдын ала жоспарланып, алдымен Қостанай қаласының орталығында, кейін Қостанай – Әулиекөл – Сұрған автожолында және ірі супермаркеттердің қасында аялдады. Полицейлермен бірге №19 мектептің жас жол инспекторлары да қатысып, жүргізушілерге жол ережелерін еске салды, парақшалар таратты.

Акцияға қызығушылық жоғары болды. Алғашқы сағаттардың өзінде 13 тұрғын полицияға жүгініп, түрлі тақырыпта сұрақтар қойды. Жаяу жүргіншілер өткелін орнатудан бастап, мототехниканы тіркеу мен көлікті қайта жабдықтауға дейінгі мәселелер қозғалды.

Қостанай тұрғыны Асылжан бастапқыда полицияға жүгінуді ойламағанын, бірақ автобусты көріп, тоқтағанын айтады:

— Біздің аула арқылы көліктер бағдаршамды айналып өту үшін жоғары жылдамдықпен өтеді. Балалар үшін қорқамыз. "Жасанды кедергі" қоюға бола ма деп сұрадым. Құлақ асып, жазып алды, тексеріс жүргізетінін айтты.

Тағы бір тұрғын велосипед ұрлығын ашуда бейнебақылаудың көмектескенін айтып, алғысын білдірді. Ол сондай-ақ жаяу жүргіншілер көп жүретін көшелерде жылдамдықты шектеу жөнінде ұсыныс айтты. Полиция бұл ұсыныс қарастырылатынын және қажет болған жағдайда ТКШ-ға ресми нұсқама жолданатынын мәлімдеді.

Акцияға келе алмағандар үшін полиция әлеуметтік желілерде тікелей эфир ұйымдастырды. Көрермендер қосылып, сұрақ қойып, нақты уақыт режимінде жауап алды. Көбіне мототехникаға қатысты сұрақтар – скутерге категория қажет пе, мопедті қалай тіркеу керек деген мәселелер көтерілді.

— Әсіресе қала сыртында тұрсаң, бөлімшеге баруға уақыт тапшы. Ал мұнда – эфирге қосылып, сұрақ қойып, нақты жауап аласың. Өте ыңғайлы, — деп жазды қолданушылардың бірі.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері, жас инспекторлар және "ҚазАвтоЖол" өкілдері қала сыртына шыққан жүргізушілермен профилактикалық әңгіме жүргізіп, жолда қауіпсіздік белдігін тағу, жылдамдықты сақтау, демалыс пен зейінділіктің маңызын еске салды.

— Жиі шалғайға шығамын. Кейде асығып, шаршап алаңдайсың. Полицейлердің "Өмірді жоғалтқанша, 10 минут жоғалтқан дұрыс" деген ескертулері ойға қонымды, — деді Рудный қаласының жүргізушісі.

Мұндай мобильді қабылдаулар облыстың басқа қала-аудандарында да өтті. Полиция өкілдері бұл форматтың тиімді болғанын және оны тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Полиция тұрғындарға еске салады: жол қауіпсіздігін жақсартуға қатысты ұсыныстарыңыз немесе сұрақтарыңыз болса – мобильді қабылдау кезінде, онлайн эфирде немесе «жедел желі» арқылы жолдаңыз. Ашық диалог – қауіпсіз қоғамға бастар жол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру