Түркістан облысында пробациялық бақылаудағы азаматтар тексерілді
Түркістан облысында пробациялық бақылаудағы азаматтар тексерілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысында "Учаске" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Оның аясында облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы пробациялық бақылаудағы азаматтардың тұрғылықты жерлерін тексерді.
Тексеру барысында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар арасынан 245 құқық бұзушылық анықталды. Соның ішінде 11 адам түзеу мекемелеріне қайта жіберілді. Бұдан бөлек, пробациялық есепте тұрған 1687 азамат тексеріліп, қадағалау шарттарын бұзған 142 адам жазасын өтеу үшін қайта қамауға алынды.
Шараның басты мақсаты – шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандардың құқық бұзушылыққа жол беруіне тосқауыл қою, олардың қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету және қоғамдық тәртіпті сақтау.
Сонымен қатар полицейлер азаматтармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, заң талаптарын орындау және өздеріне жүктелген міндеттерді сақтау қажеттілігін түсіндірді. Мұндай іс-шаралар тұрақты түрде жалғасын табады. Бұл өз кезегінде қауіпсіз қоғам қалыптастыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді.