Жетісуда полиция шетелдік туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс-шараларды жүзеге асыруда
Жетісу облысында полиция қызметкерлері шетел азаматтарының қауіпсіздігі мен жайлы жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді іс-шараларды жүзеге асыруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәселен, "Нұрлы жол" бақылау-өткізу пунктінде туристерге заманауи цифрлық сервистерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін QR-коды бар арнайы ақпараттық карталар ұсынылады. QR-кодпен байланысты мобильді қосымша арқылы шетелдік қонақтар өңірдің интерактивті картасын пайдалана алады.
Онда инфрақұрылым нысандары – қонақ үйлер, мейрамханалар, мәдени және тарихи көрікті жерлер, сондай-ақ қауіпсіз интернет-трафикті қамтамасыз ететін ұялы байланыс операторларының байланыс деректері көрсетілген.
Шетелдік азаматтардың ыңғайлылығы үшін қосымшада такси шақыру функциясы қарастырылған. Бұл олардың жергілікті жерде тез бағдар алып, қажетті қызметтерді пайдаланып, Қазақстанда өздерін сенімді сезінуіне мүмкіндік береді.
Шетелдік туристер жаңа сервисті жоғары бағалап, оның қолайлылығын, заманауилығын және цифрландыру деңгейінің жоғары екенін атап өтті.
Полиция елімізге келген қонақтар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру – "Заң мен тәртіп" қағидатының маңызды бөлігі екенін, оның Қазақстанның оң имиджін нығайтып, халықаралық сенімді арттыруға бағытталғанын атап өтеді.