Астанада полицейлер шетелдік қонақтарға көмек көрсетті
Астана қаласында туристік полицейлер елордаға келген шетелдік азаматтарға көмек көрсетуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада туристік полицейлер Германия, Ресей және Түркия елдерінен келген бірнеше туристке бағыт-бағдар беріп, қажет ақпараттармен қамтамасыз етті.
Германиядан келген туристер алғаш рет Қазақстанға саяхаттап келіп, Экспоға қалай кіруге болатынын және елордада қай жерлерді аралауға болатынын сұраған. Полицейлер толық ақпарат беріп, оларға туристік кітапша мен қаланың картасын сыйға тартты.
Сонымен қатар Новосибирск қаласынан келген турист “Нұр Әлем” нысанының ішіндегі технологияларға қызығушылық танытып, павильонға кіру тәртібін сұраған. Туристік полицейлер қала қонақтарына жан-жақты түсініктеме беріп, бағыт-бағдар көрсеткен.
Ал Түркиядан келген туристер өздерінің орналасқан жерін табуға көмек сұраған. Тәртіп сақшылары қонақтармен түрік тілінде сөйлесіп, қонақтарға нақты нұсқаулық беріп, жол көрсеткен.
Барлық шетелдік азамат қазақ халқының қонақжайлығын, полицейлердің мәдениетіне және кәсіби біліктілігіне ризашылықтарын білдірді.