Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы академиясында "Полициядағы бір күн" жобасы өтті

ІІМ-нің Алматы академиясында Kazakhstan Prevention Days аясында "Полициядағы бір күн" жобасы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін Алматыда Kazakhstan Prevention Days атты еліміздегі құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған тұңғыш көрменің кезекті күні өтті. Көрме "Заң және тәртіп" идеологиясы аясында өтіп, қазақ полициясының бірқатар әлеуметтік бастамаларын кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді.

Көпшіліктің назарын аударған жобалардың бірі — "Полициядағы бір күн". Бұл жоба бірнеше жылдан бері ІІМ Алматы академиясының базасында жүзеге асып келеді және полиция мен жастар арасындағы ашық диалогқа негізделген.

Іс-шараға Алматының бірнеше жоғары оқу орнынан жиналған студенттер қатысты. Олар бір күн бойы полиция жұмысына еніп, қызмет барысымен танысты, түрлі тренингтерге қатысып, тәжірибелік білім алды.

Жобаның ресми ашылуында қатысушыларды ІІМ Алматы академиясы бастығының орынбасары Жанат Дильбарханова және Орталық Азиядағы зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу жөніндегі GIZ өңірлік бағдарламасының жетекшісі Штефан Бухмаер қарсы алды.

— "Полиция және балалар", "Полициядағы бір күн" сынды бірқатар жобалар іске асырылуда. Бұл — жастарға құқық қорғау жүйесін жақынырақ танып, мамандыққа жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беретін платформалар. Жыл басынан бері мұндай жобаларға шамамен 6000-ға жуық азамат қатысқан,— деді Жанат Дильбарханова.

Штефан Бухмаердің айтуынша, жастар мемлекеттік құрылымдардың жұмысын ішінен көруге мүмкіндік алғанда — бұл сенімге негізделген байланыс орнатуға жол ашады. Мұндай бастамалар тек алдын алу шарасы ғана емес, сонымен бірге азаматтық жауапкершілікті дамыту үшін де аса маңызды.

Ресми бөлімнен кейін студенттер үшін қызықты әрі мазмұнды күн жалғасты. Полицейлік техника көрмесінде олар заманауи құрал-жабдықтарды көріп, офицерлермен тілдесті. Арнайы экипировканы киіп көрді, патрульдік көлікке отырып, курсанттардың көрсетілімін және кинологтардың иттерімен жұмысын бақылап тамашалады.

Мен алғаш рет полиция техникасын осыншалықты жақыннан көріп тұрмын. Фильмдегідей емес екен. Ең әсерлісі – мұндағы тәртіп пен дайындыққа деген шынайы жауапкершілік, — дейді жоба қатысушысы Еркежан.

Тұран университетінің студентінің айтуынша, бұл өте қызықты тәжірибе болған. Барлығы шынайы, ашық. Бұл күннен кейін полиция қызметкерлеріне деген көзқарасы мүлде өзгерген.

Одан кейін студенттер бірнеше топқа бөлініп, арнайы дайындалған тренингтерге қатысты.
"Қызмет ету және қорғау" тренингінде полиция қызметінің құрылымы, офицерлерді дайындау жүйесі мен олардың кәсіби құндылықтары туралы ақпарат берілді.

"АНТИ-ХАКЕР мектебі" атты киберқауіпсіздік тренингін академия курсанттары өздері жүргізді. Қатысушылар интернет алаяқтықтың нақты мысалдарын талдап, жеке деректерді қорғаудың әдістерін меңгерді, фишингтік шабуылдарды тану бойынша ойын түрінде тапсырмалар орындады.

Сол уақытта басқа топ "Шерлок Холмс мектебіне" қатысып, криминалистика негіздерімен танысты. Инструкторлар оларға оқиға орнын қарау, айғақтар жинау және саусақ іздерін алу сынды тәжірибелік әдістерді көрсетті.

Физикалық дайындық та назардан тыс қалмады. "Өз-өзіңді қорғау" атты тренингте студенттер күнделікті өмірде қауіп төнген жағдайда қолдануға болатын қарапайым қорғану әдістерін үйренді. Яғни жағдайды тез бағалау, өз шекарасын қорғау, төтенше сәтте өзін қауіпсіз ұстау тәсілдерімен танысты.

Күн соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Көпшілігі бұл жобаның полиция қызметі туралы тереңірек түсінік бергенін және жаңа тәжірибе сыйлағанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру